Қала әкімі Б. Сағынтаев: Алматы – армандар орындалатын мекен

/image/2019/09/17/crop-94_18_297x528_15-09-19-kun2.jpg

Тұңғыш Президент саябағында Алматының туған күні атап өтілді. Мерекенің "тұздығын" дәстүрлі "Alma Fest" алма фестивалі келтірді, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінің дерегін негіз етіп.

Алматылықтарды Қала күнімен құттықтаған мегаполис басшысы өз сөзінде Елбасының "Ұлы даланың жеті қыры" атты мақаласында Алматыны ең әдемі қалалардың біріне теңейтінін тілге тиек етті.

"Іле Алатауы әлемге шығу тарихы мыңжылдыққа жеткен алма мен қызғалдақты паш етті. Алматының да көпғасырлық тарихы бар, – деді шаһар басшысы. Сондай-ақ, қала әкімінің айтуынша, Алматы – Тәуелсіздіктің алтын бесігі әрі қарқынды дамып келе жатқан мегаполис. Оған қоса ғылым мен білімнің, мәдениет пен өнердің, қаржы, туристік және спорт орталығы. "Сүйікті Алматымыз – жастықтың, дарындылар мен сұлулықтың, мейірімділіктің қаласы. Бұл – армандар орындалатын қала! Сол себепті Алматының болашағы зор. Шын жүректен Алматы мен алматылықтарға денсаулық пен табыс тілеймін! – деді Б.Сағынтаев.

Мерекенің бағдарламасы мазмұнды. Саябақ аумағы бірқатар тақырыптық аймақтарға бөлінген. Ашық аспан астындағы заманауи өнер аймағы өз алдына бір төбе. Ал "Алма Bazar" жәрмеңкесінен барлық сұрыптағы алманы сатып алуға болады. "Алма Master" қолөнершілер жәрмеңкесі де ұйымдастырылды. "Алма Fashion" сән және стиль аймағы мен белсенділерге арналған "Алма Drive" спорт алаңы жұмыс істеп тұр. Ал отбасылық демалушыларға арналған "Алма Отбасы" аймағындағы шеберлік сыныптар мен ойын-сауық бағдарламасы таптырмас ортаның бірі.

Барлық қонақтар үшін "Алма Auen" музыкалық концерттік бағдарламасы дайындалды. Жыл сайын Қала күні мерекесінде Тұңғыш Президент паркіне 300 мыңға жуық тұрғын келеді. Бақша шаруашылығы да түрлі сұрыптағы 100 мың тонна алма әкелді.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар